Жаңаөзен қаласында балалар мен жастардың дамуын, тұрғындардың мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ірі әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қазіргі уақытта 350 орындық "Bolashaq Sarayi" заманауи Студенттер сарайы салынуда. Жалпы ауданы 3000 шаршы метрді құрайтын бұл орталық балалар мен жастардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Сарайда робототехника және бағдарламалау, 2D/3D модельдеу, Шет тілдері, Киім дизайны мен тігу, қолөнер, вокал және халық аспаптарында ойнау бағыттары бойынша арнайы сыныптар ашу жоспарлануда.
Бұл нысан Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде салынуда.
"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында келесі жылы Рахат ауылында жалпы ауданы 3474 шаршы метр болатын 300 адамға арналған Заманауи мәдени орталық салынады.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қалалық жастар ресурстық орталығының жанында келесі жылы заманауи коворкинг-орталық ашылады.
Орталықта оқу және жеке жобалар үшін арнайы орындар қарастырылған. Жабдықтарды жөндеу және сатып алу жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.