Биыл Маңғыстау облысында "білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры" есебінен 4800 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 6510 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру үшін 1500 орындық "оқушылар сарайы" пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда қазіргі заманғы орталықта 3500-ден астам бала тегін қосымша біліммен қамтылған.
Сонымен қатар, демеушілердің қаражатына колледж студенттері үшін 500 орындық жатақхана ашылды. Осылайша, Ақтау қаласында орналасқан колледждердегі жатақханалар мәселесі толығымен шешілді.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл тағы 13 білім беру нысандарының құрылысы басталды.