12 желтоқсанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласының тұрғындарымен кеңейтілген кездесу өткізді. Диалог алаңының жұмысына 600-ден астам адам қатысып, халықты толғандыратын мәселелер көтерілді.
2024 жылы Ақтауда 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Олардың қатарында газбетон өндіру зауыты, аммоний сульфатын өндіру зауыты, Абай атындағы ұлттық мектептің, көтерме-тарату орталығының, көпфункционалды өндірістік базаның құрылысы және тұрғын үй кешендерінің құрылысы бар.
Қазіргі уақытта 7 жоба іске асырылды. Қалған жоба жыл соңына дейін аяқталады. Алдағы үш жылда өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын 21 жаңа инвестициялық жоба іске асырылатын болады.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар ауыз су, жылумен жабдықтау жүйесі, азық-түлік бағасының тұрақтылығы, жол белгілері, тұрғын үй алу, ауданішілік жолдар, үлескерлердің проблемалары сияқты көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ туризмді, мәдениетті және спортты дамыту бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басшыларға заң аясында мәселелердің шешімін табуды тапсырды.
Кездесуден кейін Нұрдәулет Қилыбай тіркелген қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдауды бастады.