Бұл туралы Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Бұл мәселе бұрын барлық мүдделі тараптардың қатысуымен қала прокуратурасында талқыланған болатын.
"Арнайы жиналыс ұйымдастырылып, барлық мүдделі компаниялар шақырылды. Ақтауда жаңа тұрғын үйлерге жақын орналасқан жоғары вольтты желілер бар. Оларды жер астына көшіру ұсынылды. Бұл желілердің теңгерім ұстаушысы - "МЭК" АҚ. Компания өзінің инвестициялық жобаларында осыны ескеруге міндетті және компания есебінен бұл жұмыстар жүргізілетін болады", - деді Ақтау қаласының әкімі.
Бұған дейін прокуратура жоғары вольтты электр желілерінің жанында салынған бірнеше тұрғын үй кешенін анықтаған болатын. Негізінен бұл үйлер облыс орталығының жаңа шағын аудандарында орналасқан.